Өскеменде Наурыз мейрамына орай «Тақия той» байқауы өтті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында Оралхан Бөкей атындағы кітапханада Наурыз мейрамына орай «Тақия той» байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылған байқауға Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Өскемен, Риддер қалалары, Ұлан, Зайсан, Тарбағатай, Жарма аудандарының әуесқой қолөнер шеберлері 40-тан аса тақия ұсынды.

Шараның шымылдығын аталған бөлім басшысы Қалқаман Сарин өзінің құттықтау сөзімен ашты:

«Ұлыстың ұлы күні Қазақстан халқының бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын, береке-бірлігімізді танытатын мейрамға айналды. Осы күнді басқа ұлт өкілдері де аңсап күтетінін байқаймыз. Яғни, бұл әз-Наурыздың халықтық, бұқаралық сипат алғандығының белгісі», - деді ол.

Қазылар алқасының төрағасы Айтмұхамбет Қасымовтың айтуынша, әуесқой шеберлер тіккен тақиялар іріктеліп алынды. Ұлттық нақышқа және әшекейлермен безендіру талғамына баса мән берілген. Өтінімдер түскенде әр тақияға тек нөмірлер жазылды, сол себепті тақияларды бағалау барынша әділ өткізілді.

Байқау қорытындысына сәйкес бас жүлде – Гүлбақыт Шәріп, 1 орын – Мира Солтаева, 2 орын – Алтын Әди 3 орын – Гүлжауар Сәбитова.


Соңғы жаңалықтар