Өскеменде Наурыз мейрамына орай қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында Наурыз мейрамына орай қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемендегі А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханада Ұлыстың ұлы күні қарсаңында бірқатар шара ұйымдастырылды.

«Келушілер «Қош келдің, әз-Наурыз!» әдеби-музыкалық қонақжайында мерекелік дастарханнан дәм татып, өнерпаздардың қазақтың ұлттық салт-дәстүріне арналған қойылымдарын көрді. Бейқам балалық шақтарын еске алып, ұлттық ойындар ойнады. Сондай-ақ қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалап, шеберлермен бірге бұйымдар жасады. «Ұлттық стиль – жақұтымыз» ұлттық костюмдердің арт-дефилесінде соңғы үлгімен жасалған қазақтың ұлттық киімдері мерекеге ерекше сән берді. Қонақтар киімнің тарихы, ерекшеліктері туралы да мағлұмат алды», - делінген кітапхана қызметкерлері таратқан ақпаратта.

«Қазақстан халықтарының ұлттық тағамдары» тағамдар жәрмеңкесі өткізілді. Онда қонақтарға әр түрлі ұлттық тағам түрлері ұсынылды.

«Бұдан бөлек, тұрғындар «Даналық киіз үйінде» «Наурыз тойы – мереке, салт-дәстүрім – береке» интерактивті әдебиеттер экспозициясымен танысты. «Салт-дәстүрім – салтанатым» атты ұлттық салт-дәстүрімізге арналған викторина мен «Наурыз мерекесінің тарихын білеміз бе?» квест ойынына қатысып, сыйлықтарға ие болды», - делінген мәліметте.


Соңғы жаңалықтар