Өскеменде мылқау әйел өрт тұтанғанда ешкімді көмекке шақыра алмаған

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Бүгін Өскемендегі Қабанбай батыр көшесінде бес қабатты үйдің пәтері өртке оранды. Көршілер терезеден қызыл жалынды көрген соң бірден өрт сөндірушілерді шақырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кейін анықталғандай, зардап шеккен әйел құлағы естімейтін мылқау болғандықтан көмекке шақыра алмаған.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, келіп жеткен өрт сөндірушілер шұғыл іске кіріскен. Алайда, арнайы техниканың жұмысына есік алдындағы металл қоршау кедергі жасапты.

«Өртенген пәтердің терезесінен бір әйелді көрдік. Оны тез арада құтқармасақ, жағдай ушығатыны анық еді. Сондықтан үшиінді сатыны құрама әдіспен бұруға тура келді. 5-қабатқа бірінші болып көтерілген өрт сөндіруші Диас Молдажанов әйелді сабырға шақырып, тыныштандыруға тырысты. Сөйтіп оған сығымдалған ауамен жұмыс істейтін арнайы аппаратты кигізді», - дейді шұғыл кезекші Болат Нұрдыбаев.



Диас әйелдің есін жиғызып жатқанда мамандандырылған жасақтың өрт сөндірушісі Айдар Қапышев оған көмекке келді. Екеуі зардап шеккен әйелді үйге тірелген баспалдақпен төмен түсіріп, жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды. Жедел жәрдем жапа шеккен тұрғынды №1 қалалық ауруханаға алып кетті.

Осы аралықта жалынға оранған үйден 30 тұрғын эвакуацияланды. Оны - балалар. Оқиға орнында 5 техника және жеке құрамнан 20 өрт сөндіруші жұмыс істеді. Өрт бір сағатта толық сөндірілді. Алдын ала болжам бойынша, екі себеп бар: отпен жұмыс істегенде абай болмау және электр жабдығының апаттық режимі.

Айта кету керек, бұл - мереке күндері Қабанбай батыр көшесінде болған екінші төтенше жағдай. Мұның алдында 21 наурыз күнгі өрттен бір әйел көз жұмған болатын.

Автор: Людмила Малько

Соңғы жаңалықтар