Өскеменде мектеп пен сот ғимаратынан жарылғыш зат табылмады

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында мектеп пен сот ғимаратынан жарылғыш зат табылмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 6 ақпанда сағат 14.18-де Өскемен қаласындағы мектептердің бірінде жарылғыш зат қойылғандығы туралы хабар түскен. Мамандандырылған қызметтер дереу оқиға орнына келді. Білім ордасынан қызметкерлер мен оқушыларды эвакуациялау жүргізілді. Мектепті қарау және тексеру нәтижелері бойынша қандай да бір қауіпті заттар табылған жоқ.

Сондай-ақ осы күні сағат 15:52-де Өскемен қаласы Қайсенов көшесінде орналасқан сот ғимаратына бомба қойылғандығы хабарланған. Сол жерге де арнайы қызмет мамандары жетіп, халықты қауіпсіз жерге көшірді. Тексеру жүргізу кезінде ешқандай жарылғыш зат табылмады.

«Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 273-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта жарылғыш заттар туралы жалған хабарлаған адамдарды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Мұндай құқық бұзушылықтың қоғамдық резонанс тудыратын және оның ықтимал салдарын ескере отырып, ол үшін 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеміз», - делінген хабарламада.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде сотқа және мектепке бомба қойылғаны туралы хабар түсіп, халық эвакуацияланғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар