Өскеменде көтерме-тарату орталығы салынады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында көтерме-тарату орталығы бой көтермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов Өскемендегі Жібек маталар комбинаты ықшамауданында көтерме-тарату орталығын салу мәселесі бойынша кәсіпкерлік және сәулет басқармаларының басшыларымен кездесу өткізді.

«Бұл орын кездейсоқ таңдалған жоқ. Мұнда Алматы мен Семейге шығатын айналма жолдар бар. Үлкен жүк көліктері қоймалар мен жүктерді сақтау аймағы орналасқан орталыққа тура келіп кіре алатын болады. Ұзақ сапардан келген жүргізушілер үшін де қажеттіліктің бәрі қамтылады. Олар енді жолда көліктеріне түнеуге мәжбүр болмайды. Сондай-ақ бұл төңіректі полиция күзетеді. Қонақ үй салынып, арнайы күзет жүйесі жұмыс істейтін болады», - деді аймақ басшысы.

Жаңа орталықта барлық қажетті құжаттарды рәсімдеуге, сараптама жүргізуге және сапа сертификаттарын алып, түрлі заң рәсімдерінен өтуге болады.

«Ең алдымен жүкті арнайы сақтау аймағына кіргізбей-ақ, қойма арқылы тікелей қабылдау және жөнелту процесін атқаратын кросс-доктар салу керек. Бұл кәсіпкерлер үшін өте маңызды, олар бұл орындарды жалға ала алады. Екінші кезекте тікелей сатып алуға болатын сауда павильондарын салу қажет. Мұнда аймақ тұрғындары тауарларды делдалдарсыз және алыпсатарларсыз арзан бағамен сатып алады. Бұл басқа нарықтарды өнім құнын төмендетуге ынталандыратын болады. Яғни, ешкім бағаны негізсіз көтере алмайды», - деді Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, орталық тек сауда-саттық орны ғана болмайды. Онда дәмхана, кинотеатр салу жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар