Өскеменде көлік қозғалысын реттейтін ситуациялық орталық ашылады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемен қаласында көлік қатынасы мен қоғамдық тәртіп дауларын реттейтін ситуациялық орталық құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Енді өскемендіктер көлік апатынан кейінгі дауларды ситуациялық орталыққа жүгіну арқылы шеше алады. Бұл туралы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов арнайы брифингте айтты.

Басқарма басшысының айтуынша, Өскемен көшелерін бейнебақылау камераларымен жабдықтау ісі биыл да жалғаспақ. Шаһардағы 74 қиылыстың әрқайсына 12 камерадан 888 бақылау жүйесі қойылмақ. Ал қарбалас күні-түні үзілмейтін 15 көшенің бойына 440 камера орнатылуы мүмкін.

«Бұған дейін камера орнатылмаған 120 аулаға бақылау жүйесі орнатылады. Білім беру, денсаулық сақтау, дін, көңіл көтеру орындары мен саябақтар аумағы цифрландырудың игілігін көреді. Қала аумағына талдау жасай келе, жиі қылмыс болатын, тұрақты бақылауды қажет ететін 1700 орын анықталды. Солардың барлығына камера қоямыз» - дейді Нұржан Жұмаділов.

2020 жылға қарай бір Өскеменнің өзінде 3928 камера жан-жақтан қалтқысыз бақылау жүргізеді деген жоспар бар. Сол камералардан алынған деректердің бір данасы Қазақстан көшесіне қойылатын ситуациялық орталықта сақталады. Қауіпсіздік органдары ол деректер бойынша тиісті шара қолданып отыруы тиіс.

«Орталықта кез келген дерек 30 күнге дейін сақталады. Сақтау мерзімін ұзартуға күш салып жатырмыз. Кез келген тұрғын көлік апатына қатысты күмәні болса, басқа да даулы мәселелерге тап болса, полиция департаменті арқылы өзіне қажет бейнедеректі сұрата алады» - дейді басқарма басшысы.

Соңғы жаңалықтар