Өскеменде көлік айдап келе жатып ұйықтап кеткен жүргізуші апатқа ұшырады

None
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында көлік тізгіндеп келе жатып ұйықтап кеткен ер адам подъез есігіне соғылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 20 мамырда түнгі уақытта қаладағы Гагарин бульвары көшесінде болған.

«Subaru Forester маркалы көлікті жүргізіп келе жатқан 35 жастағы жүргізуші кенет ұйықтап кетті. Соның салдарынан көлік жолдан шығып, №32 көпқабатты үйдің подъезіне соғылған. Абырой болғанда, жол апатынан ешкім зардап шеккен жоқ», - делінген ақпаратта.

Тәртіп сақшылары көлік жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 1-бөлігімен (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы) әкімшілік хаттама толтырылды.

Көлік соққысынан подъезд күнқағары жерге құлап, есікті жауып қалған. Далаға шыға алмаған үй тұрғындары құтқарушыларға қоңырау шалды.

«Хабар түсе салысымен ТЖД қызметкерлері оқиға орнына келіп жетті. Гидравликалық құралдың көмегімен құлаған күнқағар жолдан алынып тасталды», - деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар