Өскеменде келесі аптадан бастап 50 орындық госпиталь іске қосылады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында вирус жұқтырғандар саны күннен күнге артуда. Осы орайда өңірдің түкпір-түкпірінде науқастарды қабылдайтын жаңа стационарлар ашылып жатыр. Келесі аптада Өскемен қаласында 50 орындық госпиталь жұмысын бастамақ. Бұл жайлы ҚазАқпарат тілшісіне ШҚО бас пульмонолог дәрігері Зағрипа Әбдиева айтып берді.

«Қазір өкінішке қарай, өңірімізде коронавирус жұқтырғандар саны артып келеді. Өскемен қаласындағы Абай және Шәкәрім даңғылдарындағы стационарлар 80-90%-ға толған. Сондықтан дүйсенбіден бастап облыстық ауруханада COVID-19 инфекциясына шалдыққандарды емдейтін жаңа госпиталь ашылады. Барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген сол медициналық мекемеде 50 науқасты қабылдай аламыз», - дейді Зағрипа Әбдиева.

Оның айтуынша, ешқандай симптом байқалмаған немесе жеңіл формада ауырған пациенттер үй карантиніне оқшаулануда. Ал орташа және ауыр деңгейдегі науқастар стационарларға жатқызылуда.

«Аймақ халқын сабыр сақтап, дүрбелеңге салынбауға шақырамын. Егер сізде жұқпалы дерттің қандай да бір белгілері байқалса өз бетіңізбен емделу жолдарын іздемей, мекенжайыңыз бойынша отбасылық амбулаторияға хабарласыңыз. Әр амбулаторияда арнайы мамандар әзірленген. Олар үйіңізге келіп, сізден COVID-19-ға сынама алып, ұдайы бақылау жүргізеді. Егер вирус анықталып жатса, тиісті шаралар қабылданады», - дейді ол.

Өңірдің бас пульмонолог дәрігері тұрғындарға карантин шектеулерін қатаң сақтау қажеттігін ескертті.

«Далаға шыққанда міндетті түрле маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтаңыздар. Егер сіз нан алу үшін бір дүкенге кіргенде кезекте маска кимеген біреу тұрса, шығып кетіңіз. Ең бастысы денсаулық қой, ал нанды басқа жерден де алуға болады. Ас беріп, той-томалақ өткізуден бас тартыңыздар!», - дейді Зағрипа Әбдиева.


Соңғы жаңалықтар