Өскеменде қаланың бұрыш-бұрышына есірткі қойып кететін 11 адам ұсталды
2022 жылғы 7 шілде 11:14

Өскеменде қаланың бұрыш-бұрышына есірткі қойып кететін 11 адам ұсталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде синтетикалық есірткіні қаланың түкпір-түкпіріне жасырып кетіп жүрген 11 адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өскеменде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл шаралары күшейтілді.

Бұл үшін Шығыс Қазақстан облысының полицейлері облыс прокуратурасымен өзара іс-қимылда және ҚР ІІМ арнайы бөлімшелерінің қатысуымен қолда бар барлық құралдар мен арнайы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, есірткі заттарының заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталған арнайы іс-шаралар кешенін өткізді.

Әлеуметтік желілер мен интернетке жүргізілген мониторинг нәтижесінде синтетикалық заттардың таралуына қатысы бар сайттар анықталды.

Өскемен қаласында қалыптасқан жағдайды талдау және қадағалау арқылы құқық қорғау органдары синтетикалық есірткі салатын 10-нан астам адамнан тұратын топты анықтады.

ШҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Талғат Шаяхметов атап өткендей, қажетті дәлелдер базасын жинауға және күдіктілерді ұстауға бірнеше апта қажет болған.

Осы уақыт ішінде жедел уәкілдер тәулік бойы демалыссыз жұмыс істеді.

Олар қылмыстық әрекеті байқалмай қалады деп сеніп, қастандық шараларын мұқият орындады, ол үшін киімдерін үнемі ауыстырып отырды және кей жағдайларда жасанды шаш (парик) қолданды.

Ұсталғандар туралы ақпарат қылмыстық тізбектің басқа қатысушыларына жетпеуі үшін күдіктілердің әрқайсысы бөлек ұсталды.

Олардан синтетикалық есірткінің 220-дан астам бір реттік дозасы және «экстази» деп аталатын 80 таблетка тәркіленді.

Бүгінде аталған адамдардың бәрі дерлік соттың санкциясымен қамауға алынды.

Олардың әрекеті ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі бойынша сараланады.

Осы баптың санкциясында 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT