Өскеменде Гематология орталығы салынып жатыр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында Гематология орталығының құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов құрылыс жұмыстары барысын тексеріп қайтты. Гематология орталығы екі ғимараттан тұрады, атап айтқанда негізгі және пансионат.

«Негізгі корпус ғимараты 5 блокқа бөлінген. Мәселен, Б блогында жілік майын трансплантациялайтын балалар бөлімшесі, сондай-ақ балаларға арналған стационар және клиникалық-диагностикалық зертхана орналасады. Жілік майын трансплантациялайтын ересектерге арналған бөлім В блогында болады. Сол жерде ересектер стационары, диагностикалық және амбулаториялық бөлімше ашылады», - деді облыс әкімі.

Сәулелік диагностика мен термотерапия бөлімшелері, трансфузиология орталығы, полимеразды және тізбекті реакция зертханасы, операциялық бөлім және цитостатиктерді орталықтандырылған өсіру Г блогында орын теппек. Ал патоморфологиялық және цитологиялық бөлімдер, FISH және генетикалық зертхана, лимфомасоматика және хирургия стационары Д блогында орналасады.

Сонымен қатар жобада ойын бөлмесі, психолог кабинеті, оқу сыныптары, конференция залы және дәмхана қарастырылған. Тәулік бойғы стационарда 146 төсек-орыннан, күндізгі стационарға 30 және гемодиализ үшін 4 төсек-орын болады. Көпбейінді консультативтік-диагностикалық бөлімшеде бір ауысымда 150 келушіге қызмет көрсетіледі. Дәрігерлер мен қызметкерлер шет мемлекеттердің үздік орталықтарында оқудан өтеді.

«Биыл барлық 5 блок бой көтереді. Негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталмақ. Мұнда көрсетілетін жоғары технологиялық медициналық қызметтерді пайдалана отырып, ең үздік халықаралық тәжірибе енгізілетін болады. Бұдан бөлек, облыстың денсаулық сақтау саласын жоғары деңгейге көтерудегі өте маңызды элемент – ғылыми-зерттеу базасын дамытуды көздеп отырмыз. Жалпы, Гематология орталығы еліміздің жетекші медициналық ұйымдарының бірі болмақ», - деді Даниал Ахметов.


Соңғы жаңалықтар