Өскеменде есірткі зертханасы жойылды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында есірткі таратқан күдіктілер құрықталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек ведомствоның онлайн брифингісінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жамбыл облысы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі таратқан екі жергілікті тұрғынды ұстады. Тінту кезінде күдіктілерден таратуға дайындалған, 15 пакетке салынған синтетикалық мефедрон есірткісі тәркіленді. Олардың әлеуметтік желілердегі хат-хабарларын зерттеу барысында күдіктілердің есірткілерді жасырын орындарға қойғандары белгілі болды», - деді Ш. Тұрлыбек.

Оның айтуынша, күдіктілердің хат алмасуында көрсетілген орындар бойынша полиция қызметкерлері Таразда және қала маңында жасырылған есірткілерді алты сағат ішінде жойды. Тексеріс барысында мефедрон жасырылған 29 орын анықталды.

Ұсталғандар өз кінәларын мойындады және Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Сонымен қатар, Өскеменде бейнебақылау жүйелерінің көмегімен есірткі сатушы ұсталып, жасырын зертхана жойылды. Бақылау барысында жас жігіттің күн сайын пәтерден кешке қарай рюкзактармен шығып, ауданды айналып өтіп, түнде үйге оралатыны анықталды. Осылайша оның есірткі жасырумен айналысатыны белгілі болды. Ұстау кезінде күдіктіден «альфа-pvp» синтетикалық есірткісі тәркіленді.

«Жауап алу барысында күдіктінің бұрын Қарағандыда тұрғаны, ал Өскеменге ақша табу мақсатында есірткі өндіру және өткізу үшін келгені белгілі болды. Жалдамалы үйді тінту барысында полицейлер сатуға дайындалған тағы 600 грамм синтетикалық есірткі тәркіледі», - деді Ш. Тұрлыбек.


Соңғы жаңалықтар