Өскеменде Ертістің бойында өлген үйректер тексеріліп жатыр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемендік экологтар Ертістің бойында үйректердің қырылу себебін зерттеуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақпанның соңғы аптасында Ертістің жағалауынан бірнеше үйректің өлігі табылған болатын. Құстардың неден өлгенін анықтауға экологтар араласты.

Өскемен қалалық ветеринария бөлімі үйректердің өлігін де сараптамадан өткізген екен.

«Облыстық ветеринарлық зертхана өлі үйректерге химиялық-токсологиялық зерттеу жүргізді. Ағзадағы нитрат, нитрит, ион, хлор, алколоид мөлшері нормаға сай екені анықталды. Яғни үйректер еш нәрседен уланбаған. Олардың өліміне осыдан бір ай бұрын байқалған мұнай дақтарының қатысы жоқ деуге толық негіз бар», - дейді қалалық ветеринария бөлімінің басшысы Серікхан Күдебаев.

Экологтар оқиғаның себебін анықтау үшін жергілікті орнитологтарды да көмекке шақырыпты. Олардың айтуынша, барылдауық үйректер аштыққа төзімді келеді. Күн райының аса суық еместігін ескере келе, олардың аштықтан өлуі мүмкін еемес екенін айтып отыр.

«Барылдауық үйректер үш апта бойы ашқұрсақ жүре алады. Оның үстіне Ертістің суында аштан өлу тіптен мүмкін емес. Өзен деңгейі төмендеген кезде үйректер мұз бетінде түнейді. Тас пен мұзға денесі жаббысса да жылжымайды. Ит немесе адамнан үркіп, тұра ұмтылғанда қарын жүні сыдырылып қалуы мүмкін. Осы тұстан суық өтіп өлді деп ойлаймын, - дейді орнитолог Сергей Стариков.

Әзірге түрлі болжамдар айтылғанмен, нақты себеп белгісіз. Экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры Геннадий Корешков бұл оқиғаның себебі анықталғанша зерттеулер тыйылмайтынын айтады.

«Судың құрамын зерттеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Оның үстіне нақты неше үйректің өлгені де белгісіз. Мұны үйректердің жаппай қырылуы деп атау дұрыс па, жоқ па, ол жағы да белгісіз. Әзірге нақты түсінік беруге ерте», - дейді эколог.

Соңғы жаңалықтар