Өскеменде Ертіс өзенінің түсі неліктен өзгеріп кеткені белгілі болды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскеменде Ертіс суы түсінің өзгеруіне байланысты тексеру қорытындысы жария етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы тамыз айының соңында бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде видео тарап, онда Өскемендегі Ертіс суы түсінің өзгергені көрсетілген болатын. Видео авторы «Ғашықтар аллеясы» тұсында Ертіс арнасы суының ағарып кеткенін көрсетіп, одан жағымсыз иіс шығып тұрғанын айтқан.

Шығыс Қазақстан облыстық экология департаменті аталған факті бойынша судан сынама алынғанын, судың түсі неден өзгеріп кеткені сараптама нәтижесінен кейін белгілі болатындығын мәлім етті.

«Май» АҚ-ға қатысты жоспардан тыс тексеру аяқталды. Зерттеу жұмыстары нәтижесінде май зауытынан шығатын ағынды сулардың химиялық құрамы Ертіс арнасына құйылған сумен бірдей екені анықталды. Тікелей өзен арнасына ағызылатын суда аммоний тұзы рұқсат етілген шектен 93 есе, нитриттер 10 есе, фосфаттар 115,4 есе асып кеткен. Су қорын қорғау және тазалау құрылыстарын пайдалану ережелерін бұзу фактісі бойынша аталған мекемеге қатысты әкімшілік іс қозғалды», - делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Егер зауыт басшылығы заң бұзушылықтармен келісетін болса, жеңілдетілген тәртіп бойынша салынатын айыппұлдың жалпы сомасы 2 664 810 теңге болады.


Соңғы жаңалықтар