Өскеменде ер адам өртенген үйден көршісін аман алып шықты

Фото: Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында ер адам өртенген үйден көршісін аман алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өрт Ульяновская көшесіндегі көпқабатты үйден шыққан.

4-қабаттағы пәтерде төсек пен жеке заттар отқа оранды. Өрт сөндірушілер келгенге дейін сол подъезде тұратын Андрей Новиков 1967 жылғы пәтер иесін аман алып шыққан.

«Түтінді сезе сала бірден пәтерден жүгіріп шығып, жоғары қабатта тұратын көршімнің есігін қақтым. Әйеліме өрт сөндірушілерді шақыру керектігін айттым. Есікті ешкім ашқан жоқ. Есіктің тұтқасын тартып қалып едім, ашыла кетті. Пәтерге кіріп, түтін арасынан еденде жатқан адамды көрдім. Қою түтіннен оны сыртқа шығару оңай болған жоқ. Әйтеуір бәрі ойдағыдай аяқталды», - дейді Андрей Новиков.

Өрт сөндірушілер көп ұзамай 2 шаршы метрге жайылған жалынды толықтай ауыздықталды. Уланған пәтер иесі медициналық мекемеге жеткізілді.

Өрттің шығу себебі – төсекте темекі шегу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаудан болуы ықтимал.


Соңғы жаңалықтар