Өскеменде емханаға барам деп жоғалып кеткен бала кітапханадан табылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 14 қаңтар күні таңертең емханаға баармын деп жоғалған бала бүгін кітапханадан табылды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне оқушының туысқаны Евгения Григорьева мәлім етті.

Сегізінші сыныпта оқитын Артем Григорьев кеше таңертең емханаға кеткеннен оралмаған болатын. Баланың жоғалғаны туралы ақпарат сайттар мен әлеуметтік желіде тарап, көшелерге суреті мен хабарландыру ілінген. Баланың ата-анасы полицияға кешке бір-ақ арыз түсіріпті. Бұл іске полиция өкілдерінен бөлек еріктілер қоғамы да атсалысты.

Жоғалды делінген Артем бүгін түсте Пушкин атындағы облыстық кітапханадан табылды.

«Кеше күні бойы үйге оралар деп үміттендік. Сол үшін де полицияға кешке хабарласқанбыз. Түні бойы әлеуметтік желіге хабарландыру таратқан болатынбыз. Жаңа ғана шешесі хабарласып, Артемнің табылғанын жеткізді. Оның қасында полиция қызметкерлері отырған көрінеді. Баланың неге үйге қонбағанын солар анықтайды. Анасының айтуынша, бала дін аман. Денсаулығын тыңғылықты тексертетініміз анық» - дейді Евгения Григорьева.

Бұл мәліметті облыстық полиция департаменті де растады.

«Бала полиция бөліміне жеткізілді. Біздің қызметкерлер оған профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Содан кейін ата-анасына тапсырылады. Артемнің айтуынша, кешеден бері кітапханада болған. Ал түнде танысының үйіне қонған. Ата-анасына қолында байланыс құралы болмағандықтан хабарласа алмағанын айтып отыр. Оның әлеуметтік желідегі суретін кітапхана қызметкерлері көріп, полицияға хабар берген. Оның өміріне ешқандай қауіп жоқ, дін аман» - дейді облыстық полиция департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің басшысы Айгерім Нұрғазина.

Соңғы жаңалықтар