13:40, 02 Желтоқсан 2022 | GMT +6
Өскеменде электр желісінде апат болып, 2 мыңға жуық үй жарықсыз қалды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында электр желісінде апат болып, 1800 үй жарықсыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2 желтоқсан күні сағат 12:00 шамасында Өскемендегі бірнеше көше жарықсыз қалған.
Белгілі болғандай, бұған «Біріккен ЭнергоСервистік Компаниясы» АҚ-ның қосалқы станциясындағы апат себеп болып отыр.
«№25 станцияда апат болды. Соның салдарынан 1800-ге жуық абонент жарықсыз қалды. Қазіргі уақытта сол жерде мамандар жұмыс істеп жатыр. Электр қуаты бірнеше сағаттың ішінде қалпына келтіріледі», - делінген компанияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Еске салсақ, бұған дейін Өскемендегі жылу электр орталығынан ақау шыққаны хабарланған болатын.