Өскеменде екіқабатты дәмхана өртенді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында екіқабатты дәмханадан өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін сағат 14:05-те Өскемен қаласындағы Чехов көшесінде орналасқан екіқабатты дәмханадан өрт шықты. Бес минуттың ішінде оқиға орнына 6 техника мен 25 құтқарушы жұмылдырылған.

«Бірінші және екінші қабаттардың арасындағы ағаш төбе жанып жатты. Зардап шеккен ешкім жоқ. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды сағат 18:24-те толықтай ауыздықтады. От шыққан кезде дәмхана ішінде тамақтанушылар болмаған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қызыл жалынның жалпы ауданы – 70 шаршы метр. Өрттің нақты неден шыққаны әлі анықталып жатыр.


Соңғы жаңалықтар