Өскеменде Денис Тенді еске алу шарасы дабырасыз өтті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемендіктер де мұз айдынның мұзбалағы, Қысқы олимпиада ойындарының жүлдегері Денис Тенді еске алуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Борис Александров атындағы спорт сарайының алдына жұрт кешкі сағат 20.30-дан бастап ағылды. Сағат тілі 21.00-ді көрсеткенде жүздеген өскемендік  тұрғын спортшы суретінің алдына шырақ тұтатып, еске алу рәсімін жасады. Ерікті жұртқа көшеден кездейсоқ өтіп бара жатқандар да қосылып жатты. Осының барлығын қоғамдық қауіпсіздік пен өртке қарсы қызмет, жедел жәрдем өкілдері қадағалап тұрды. Жиналған жұрттың арасында жастардың қарасы басым екені көрер көзге айқын білінді. Олардың арасында   қала қонақтары да да бар болып шықты. «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Шығыс Қазақстанға ресми сапармен келген беті екен. Өскеменде осындай шара өтетінін естіп, іргедегі ауданнан арнайы келгенін айтты.

«Денис Тенмен 2015 жылы Республикалық Жастар форумын  өткізген кезде тікелей жұмыс істедік. Көптеген танымал жастармен бірге ол да Елбасы алдында сөз сөйлегені естеріңізде болар. Сол шараға дайындық кезінде Денистің адамгершілігіне тамсанғанбыз. Дайындыққа кешікпей, ешкімді әурелемей-ақ келіп жүрді. Еңбегін, есімін бұлдау деген мүлде болған жоқ. Мойнына алған міндетіне асқан жауапкершілікпен қарайтынын көрдік. Өзіне жеке бөлме сұрап алып, айтатын сөзін пысықтап, даусын шығара сөйлеп, дайындалатын. Форум таяған сәтте сөз сөйлеуі тиіс қыздардың кейбірі қатты қобалжыды. Сол кезде Денис Тен әлгі құрдастарына тәтті бәліштер әкеп беріп, көңілдерін аулаған болатын. Дәлізде кездесе қалсақ та, бәрімізге позитив сыйлап, маңайын жігерлендіріп жүрді. Сөйткен әйгілі замандасымыздан шаңқай түсте көз жазып қалғанда, төбемізден жай түскендей болды. Ол барша жастардың жадында жарқын болмысымен қалады» - деп еске алды қала қонағы.

«Үнемі жымиып жүретін, ішкі мәдениеті аса жоғары Денис Тендей жұлдыздың замандасы болғанымызды мақтан тұтамыз. Барлық шығысқазақстандық жастар атынан марқұмның туған-туысқандарына көңіл айтқымыз келеді. Бұл қайғы бүкіл елге ортақ» - дейді жастар өкілі Маржан Бақытқызы.

Еске алу шарасы әлі де жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар