Өскеменде белсенділер жол жөндеу жұмыстарының сапасын бақылайды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында белсенділер жол жөндеу жұмыстарының сапасын бақылайтын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биыл жол жөндеу жұмыстарының сапасына жұртшылық тарапынан бақылау орнату туралы шешім қабылданған.

«Белсенділерге, яғни бақылау топтарының қатысушыларына жұмыс жүріп жатқан орындар үнемі қолжетімді болады. Сондай-ақ олар барлық жауапты тұлғалармен байланыста бола алады. Бастапқы кезеңде әр учаскені тұрғындар мен мердігерлер бірге аралап шығады», - дейді шаһар басшысы Жақсылық Омар.

Оның айтуынша, ерекше назар аударуды қажет ететін тұстар анықталуы тиіс. Бірінші кезекте бұл - су жиналып қалатын орындар мен тротуарлардың жай-күйі.

«Жөндеу кезінде жиектастарды демонтаждау пайдасыз әрі тиімсіз деген пікірді жиі естиміз. Сондықтан біз бұл мәселені барынша ашық етуді шештік. Әр учаскедегі жиектастардың жарамсыздығын анықтауға бақылау топтары қатысады. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша жиектастардың 50-60 пайызына демонтаж жасалатын болды. Бақылау топтарына кез келген ниет білдірген тұрғын қосыла алатынын еске саламыз. Ол үшін аумақтық басқару орталығындағы филиалға бару керек», - дейді әкім.


Соңғы жаңалықтар