Өскеменде автобус паркін жаңарту көзделуде

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Өскемен қаласында жолаушы тасымалымен айналысатын компания өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Өскемендегі трамвай және автобус парктерінің өкілдері Қазақстанның басқа қалаларында енгізілген электронды билеттеу мәселесін көтерген. Бұл жүйе жолаушылар тасымалы саласының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әсіресе, автобус иелерімен ынтымақтаса жұмыс істейтін жергілікті автопарктер үшін өзекті әрі тиімді болмақ.

«Сондай-ақ кездесуге қатысушылар субсидиялау мәселелерін талқылады. Тасымалдаушылардың айтуынша, электронды билеттеу жүйесі жеңілдетілген санаттағы жолаушылардың нақты санын көрсете алады. Алынған мәліметтер бөлінген субсидиялардың мөлшерін де дәл есептеуге жағдай жасамақ», - делінген ақпаратта.

Тағы бір маңызды мәселе – автобус паркін жаңарту болып отыр. Жаңа көлік сатып алғанның пайдасы көп. Ол жолаушыларға жайлы, маршруттарға қызмет көрсетуге арналған конкурс шарттарының сақталуын және ең бастысы жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Өскемендегі кейбір компаниялар техниканы лизингке алуға ниетті, оның үстіне мемлекет пен Еуропалық қайта құру және даму банкі қолдау көрсетуге дайын.

«Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, тасымалдаушылар өз саласын дамыту жоспарын жасап, басқа мәселелерден бөлек бағыттарды өзгерту жөнінде ұсыныстарын дайындайды. Сонымен қатар автопарктердің жылжымалы құрамын жаңарту механизмдері енгізілетін болады. Енді келесі кездесу екі айдан кейін өтпек», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар