Өскеменде Астана қаласының күндері өтті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Астаналық өнер иелері және мәдениет қайраткерлері екі күнге Өскемен қаласына қонаққа барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қалалық мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Өскеменде Астана қаласының күндері өтті. Өнер мұражайында «Ақ тілекпен, Астана!» экспозициясы екі күн бойы жұмыс істеді. Экспозицияға ең жарқын, түрлі жанрларда еңбек ететін және көрнекті қазақстандық 50 суретшінің 100-ден аса бірегей туындысы енген. Оның ішінде С.Смағұлов, М.Бекеев, Р.Құлбатыров, С.Аллабергенов, Н.Қаржасов және басқалары бар.

Мұнымен қоса, көрмеде Жанна Спунердің жеке коллекциясынан алынған еңбектерді, астаналық шеберлердің мүсіндері мен картиналарын көруге болады. Елордалық көрмені тамашалауға келген қонақтар отандық қылқалам шеберлерінің шығармашылық әлеуетіне, олардың даралығы мен кенепте көрініс тапқан қоршаған ортаны бейнелеу өнеріне өз бағасын берді.

Сонымен қатар, көрмеде суретші Өмірбек Тілеулиевтің «Елім-ай» сериясы көпшілік назарына ұсынылды. Оның еңбектері арқылы қазақ халқының өткен өмірімен танысуға болады.

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұжымы Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының сахнасында Ұлықбек Есдәулеттің атышулы «Зере» драмасын қойды. Спектакльдің қоюшы-режиссері - Нұрқанат Жақыпбай, қоюшы-суретшісі - Берік Бурбаев. Қойылымда Өскенбайдың бәйбішесі, ақылды кейуана, Абайдың әжесі Зере туралы айтылады. Бір отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасы арқылы автор қиын-қыстау заманда ғасырлар тоғысында өмір сүрген қазақ халқының тұрмыс салтын, ауыртпалығын жеткізеді. Көрермендер табандылық танытып, қиындықтарға қарсы тұра алған, бірлескен халықтың бейнесін бір әйелдің бойынан көрді.

Өскемендіктер «Зере» драмасынан басқа Мұхтар Әуезовтың «Абай» трагедиясын тамашалады. Елордалық театрдың үздік туындысы болып саналатын қойылыммен әдетте, театр маусымы ашылады.

Сондай-ақ, Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер колледжінің сахнасында Ғ. Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті Өскемен қаласының тұрғындарына керемет кеш сыйлады. «Ұлы дала әуендері» концерттік бағдарламасы аясында Шуберттің, Гайднның, Бродиннің, Жұбановтың, Жайымовтың, Тәттімбет пен Құрманғазының шығармалары орындалды.

null Мұнымен қоса, елордалық шығармашылық ұжымдар «Астанадан ақ тілек» Гала-концертін көпшілік назарына ұсынды. Кеш бағдарламасында Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі, эстрадалық би, «Шалқыма», халық биі ансамбльдері, классикалық, эстрадалық және халық вокалының солистері өз өнерлерін ортаға салды. Бұдан басқа, шығармашылық кешке отандық эстрада жұлдыздары да қатысты. Клара Төленбаева, Күляим Қайырбаева, Адам, Асқар Жайлаубаев, Di-ArtStyle триосы, Бауыржан Исаев, Ринат Мальцагов және Алмас Кішкенбаев өз өнерлерін ортаға салды.      

null Жергілікті мұз айдыны аренасында шайбалы хоккейден «Астана 2009» және «Торпедо 2009» командалары арасында жолдастық кездесу ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар