Өскеменде алғашқы оқушылар Pfizer вакцинасын салдырды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында Pfizer вакцинасын алғашқы жасөспірімдер салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Өскеменде жасөспірімдер коронавирус инфекциясына қарсы америкалық Pfizer екпесінің алғашқы дозасын алуды бастады.

Өткен аптада облысқа аталған вакцинаның 35 100 дозасы жеткізілген болатын.

«Бұл вакцина жүкті және бала емізетін әйелдерге, 12-18 жас аралығындағы балаларға арналған. Бүгінгі таңда аймақ бойынша осы санаттардағы 120 000-ға жуық адам бар. Оның ішінде 85 мыңы – балалар», - делінген ақпаратта.

Кешелі бері Өскемендегі №1 және №2 емханаларға екпе алуға жасөспірімдер келіп жатыр.

16 жастағы қала тұрғыны Диана Магеррамова екпе салдырғаннан кейінгі өзінің қал-жағдайымен бөлісті.

«Бұл ең алдымен менің қауіпсіздігім мен денсаулығым үшін қажет. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Бұрынғы қалыпты өмірге тезірек оралсақ деймін. Сол үшін барша жерлестерімді ұжымдық иммунитет қалыптастыруға үлес қосуға шақырамын», - деді ол.



Соңғы жаңалықтар