Өскеменде адамдарды өрт пен судан құтқарғандар марапатталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында суға батып бара жатқан 3 адамды құтқарып қалған екі жігіт пен өртенген үйден көршісін алып шыққан зейнеткер марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Өскеменде адам жанын ажалдан арашалап қалған бейбіт күннің батырлары марапатталды.

«SUNRISE» резиденциясының қызметкері Эдуард Лискаускас және «Жолбарыс-Күзет» агенттігінің күзетшісі Талғат Дарубаев 6 мамырда Аблакетка айлағында резеңке қайықпен аударылып суға батып бара жатқан 3 адамға көмекке ұмтылған. Екеуі құтқарушылармен бірге оларды судан алып шықты. Осылайша, жігіттердің ерен ерлігінің арқасында үш бірдей жанның өмірі құтқарылды. Эдуард пен Талғатқа министрдің Алғыс хаты берілді», - деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Сонымен қатар мектептегі Алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы, ҚР ІІМ зейнеткері Нұрбек Токушев отқа оранған үйден мас күйдегі 1950 жылы туған көршісін алып шыққан. Егде жастағы ер адамның ерлігі де елеусіз қалмады.

«Жерлестеріміз осындай сын сағатта жылдам әрекет ете алатындықтарын, қиындыққа тап болғандарға қолұшын созуға әркез әзір екендіктерін көрсетті. Олар жағдайды дұрыс бағалап, адам өміріне араша түсті. Бұл мақтауға тұрарлық әрекет», - деді департамент бастығы Ерлан Нұрпейісов.


Соңғы жаңалықтар