Өскеменде 30-ға жуық автоволонтер мұқтаж жандарды тегін тасымалдап жүр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Қоғамға қандай да бір пайда әкеліп, өзгеге көмек қолын созу – еріктілердің мақсаты. Сол үшін қайтарым күтпейтін, ақша сұрамайтын волонтерлерді ел-жұрт сыйлайды. Өскемен қаласындағы мүдделері тоғысқан автоеріктілер 4 жылға жуық уақыт бойы мұқтаж жандарды діттеген жерлеріне жеткізіп жүр.

Ақысыз апарып тастайды

«Өскемен-Асар» автоеріктілер жобасы 2018 жылдан бері іске асып келеді. Оның қолға алынуына қала әкімдігі мұрындық болған. Қазір жобаның операторы міндетін атқарып жүрген Татьяна Дементьеваның айтуынша, игі іске атсалысып, қолдау танытатындар күннен күнге көбеюде.

- Жоба жайлы ел-жұртқа естірту үшін бейнероликтер түсіріліп, әлеуметтік желілерге жарияланды.

Содан кейін мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектескісі келетін көлігі бар азаматтар хабарласа бастады. Жүргізушілер қатары көбейген сайын біз туралы білетіндер саны артты, - дейді ол.

Қазір ұйымда 30-ға жуық автоерікті бар. Олар өз көліктерімен еш ақысыз тасымалдайды. Тек мүмкіндігі шектеулі жандарды ғана емес, қарт кісілерді, көпбалалы отбасыларды да керек жерлеріне жеткізіп тастайды.

- Өзім 15 жыл бұрын инсульт алып, содан бері арбаға таңылдым. Осы жоба жайлы естіп, алғашында өзім хабарласып, көмек сұрадым. Кейін жобаға қатысып жүрген әйелдер мені өз қатарларына шақырды. Сөйтіп, соңғы 2 жыл бойы оператор болып жүрмін. Хабарласқан азаматтар жайлы мессенджердегі топқа жазамын. Қолы бос жүргізуші сол жаққа қарай жол тартады. Жалпы айтқанда, менің міндетім – көмек сұрайтындар мен еріктілерді байланыстырып отыру, - дейді Татьяна Дементьева.

Қатарларында әйелдер де көп

Расыменде мүгедектігі бар адамды оңалту шараларынан өткізу үшін медициналық мекемелерге апарған сайын такси шақырып отыру қалтаға біраз салмақ түсіреді. Ал осы еріктілердің арқасында олар ақшаларын үнемдеп, басқа керек-жарағына, дәрі-дәрмекке жұмсай алады.

- Ай сайын шамамен 15-20 адамға көмек көрсетіледі. Кейде аз, кейде көбірек. Автоеріктілер демалыс уақытында да қолұшын созуға әзір. Қатарымызда әйелдер де көп. Жалпы кез келген адам қосыла алады. Ниет білдірушілерді жобаға шақырамыз, - дейді жоба операторы.

Волонтерлер қала ішінде кез келген жерге апарып тастайды. Бірақ іргедегі шағын аудандарға жеткізу жағы қиындау. Автоеріктілерді шақырғысы келген жандар олардың әлеуметтік желілердегі парақшасына жазып немесе 8(747) 911-00-11 телефон нөмірі арқылы хабарласа алады.

Еріктілердің бірі – Ольга Миллер. Жобаға атсалысып жүргеніне 3 жылдан асқан. Көлігі – Toyota Prado 150.

- Біреуге пайдаңды тигізу, алғысын алу – ерекше сезім. Осы жобаға қосылғаныма қуанамын. Бір мүмкіндігі шектеулі қызды жиі тасымалдаймын. Ол көліктен шығарда маған қарап күлімдейді. Міне, мұның өзі маған зор қуаныш. Жиі хабарласатын азаматтармен жақын танысып, араласып та кеттік, - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар