Өскеменде 22 жастағы «балгер» зейнеткерлерді тонап келген

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығысқазақстандық криминалдық полиция мамандары Өскемен қаласы мен бірнеше ауданда алаяқтық жасаған азаматшаны ұстады. Күдікті егде тартқан адамдардың үйіне алдап кіріп, бағалы заттарын ұрлап кетіп отырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сәуір айының басында Глубокое ауданының 84 жастағы тұрғыны полицияға жүгінген. Бейтаныс бойжеткен оның үйіне алдап кіріп, ақшасын қолды еткен. Сотқа дейінгі іздестіру шаралары кезінде криминалдық полиция қызметкерлері Өскеменнің 22 жастағы тұрғынын ұстады.

Кейін бұл азаматша осыған ұқсас бірнеше қылмыс жасағаны белгілі болған. Ұлан ауданы мен Өскемен қаласында да «шәлі сатушы» қыздан зардап шеккендер шыққан.

Күдікті өзін кейуаналарға шәлі сатушы ретінде таныстырып, сенім ұялатқан соң, үйіне еніп, бағалы заттарды ұрлап отырған. Әңгіме арасында өзінің «қарғыс қайтару», «үйдің аурасын тазарту» сияқты рәсімдерді орындайтын қасиеті бар екенін айтып, қариялардың басын айналдырумен болған. Үйдегі жағымсыз энергия біржола шығу үшін дұға оқылған шәліге қолда бар ақшаның бәрін салу керек болған. Онымен қоймай, рәсімнен кейін ақша оралған шәліні 1-2 сағат көлемінде оңаша қалдыруды тапсырған. Шәліге оралған ақшаның қолды болғанын алданған адамдар күдікті үйден кеткен соң ғана аңғарған. Осындай жолмен ол үш кейуананы алдап, барлығы 500 мың теңгедеден астам ақшаны қалтасына басқан.

Күдіктіге қарсы «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар