Өскеменде 16 жастағы есірткі курьері ұсталды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскеменде 16 жастағы бозбала есірткі жасырумен айналысып келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ұстау барысында одан ұнтақ пен түйіршік түріндегі 77 түйіншек табылды.

«Рефлекс» және «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында облыс орталығында Өскемен қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері интернет-дүкеннің 16 жастағы есірткі курьерін ұстады. Жас тәртіп бұзушының арқа қоржынын тінту кезінде полицейлер ұнтақ және түйіршік түріндегі заты бар, сырты изолентамен оралған 77 түйіншекті тапты. Сонымен қатар ұсталған адамның тұрғылықты жеріне тінту жүргізілді. Онда алдыңғы заттарға ұқсас 106 түйіншек тәркіленді», - делінген полиция мәліметінде.
Жүргізілген сараптама көрсеткендей, күдіктіден алынған 183 түйіншекте 26,95 грамм «альфа-pvp» психотроптық заты және шамамен 37 грамм мефедрон болған.

«Жасөспірім ата-анасының кепілгерлігіне берілді. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Есірткі курьерін он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр», - деп нақтылады полициядан.

Фото: polisia.kz


Соңғы жаңалықтар