Өскеменде 137 нысан «Ashyq» жобасына қатысуда

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында 137 нысан «Ashyq» жобасына қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде 26 сәуірде іске қосылған Ashyq жобасы бизнес субъектілерінде коронавирус инфекциясының таралу қаупін азайтуға бағытталған. Арнайы жасалған қосымша ПТР-дің жалпы базасымен біріктірілген. Бұл әр азаматтың қауіпті дертке шалдыққанын немесе ауырғандармен байланыста болғанын анықтауға мүмкіндік береді.

Өскемен қалалық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғасан Тұрғанбаевтың айтуынша, аталған жобаға 137 нысан қатысып отыр. Оның қатарында ең көбі тамақтану орындары мен компьютерлік клубтар. Сондай-ақ моншалар, сауналар, бильярдтар, СПА және боулинг орталықтары, финтес клубтары да бар. Қаладағы 2 кинотеатр да Ashyq жобасына қосылған.

«Кейбір азаматтарға жаңа жүйе бойынша жұмыс істейтін объектілерге мынадай жағдайларда баруға тыйым салынады: симптомды және симптомсыз вирус тасымалдаушысы болса, Сovid-19-ға ПТР-тестілеудің оң нәтижесі шықса, диагнозы расталған пневмония және үй карантиніне оқшаулау жағдайында жұқпалы дертпен ауыратын науқастармен байланыста болса. Жеке тұлғалар үшін барлығы 4 мәртебе қарастырылған. Атап айтқанда, қызыл, сары, көк және жасыл», - деді Ғасан Тұрғамбаев.

Алайда вакцинация паспорты бар адамға сары мәртебе берілсе де қозғалысына еш шектеу жоқ. Коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болса да нысандарға емін-еркін кіре алады.

Қызыл мәртебе қозғалысты шектеуді, амбулаториялық бақылаудағы адамдар үшін үйде оқшауланудың қатаң режимін сақтауды білдіреді. Сары мәртебеде қозғалыс ішінара шектеледі. Көк мәртебе ПТР-сынама нәтижесі міндетті болатын жерлерден басқа аумақтарда қозғалыс шектеулері жоқ. Жасыл мәртебесі барлардың қозғалысына ешқандай шектеу болмайды.


Соңғы жаңалықтар