Өскеменде 100-ге жуық заңсыз күресін анықталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде 92 заңсыз күресін бар. Олардың 70-сі жеке меншік аумақта жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Облыстық экологиялық қауіпсіздік орталығының мамандары тамыз айынан бері облыс тұрғындарынан заңсыз күресіндер туралы шағымдар жинаған болатын. Жазбаша арыз-хаттар мен WhatsApp желісі арқылы жеткен мәліметтер бойынша заңсыз қоқыс алаңдарының бірыңғай тізімі жасалыпты. 

«Бізге келіп түскен мәліметтердің барлығын топтап, прокуратураға жолдағанбыз. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің, жергілікті полиция қызметінің, «Өскемен-Тәртіп» мекемесінің өкілдері сол мәліметтер бойынша арнайы рейдке шығып, 22 күресінді бір аптаның ішінде жойды» - дейді Экологиялық қауіпсіздік орталығының маманы Елена Полянцева. 
Қалған 70 күресіннің көзін жоюға қағазбастылық кедергі келтіріп отырған көрінеді. 

«Тізімде тағы 70 күресін бар. Олардың көзін жоймас бұрын әкімдік иесіз деп тануы тиіс. Аталмыш күресіндер жеке меншіктің аумағында жатқандықтан, өздігімізден жоюға құқымыз жоқ» - дейді «Өскемен-Тәртіп» мекемесінің директоры Тамара Рахымжанова.

Заңсыз күресіндердің көбеюіне тұрғындардың қоқыс шығару қызметі үшін келісімшартқа отырмауы түрткі болып отыр. Қалалық ішкі істер басқармасының басшысы Дәуір Ибраевтың айтуынша, қала бойынша тұрғын үй иелерінің үштен бірі тұрмыстық қалдық шығару қызметімен келісімшартқа отырмаған. Қоқысты белгіленбеген орынға төккені үшін жыл басынан бері 754 адамға қаулы толтырылған.

Соңғы жаңалықтар