Өскемен тұрғынының атына 3 млн теңге несие рәсімдеген алаяқ ұсталды
2022 жылғы 22 мамыр 00:42

Өскемен тұрғынының атына 3 млн теңге несие рәсімдеген алаяқ ұсталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының тұрғынына ипотека рәсімдеуге көмектесемін деп алдап соққан алаяқ құрықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшыларына алаяқтықтың арбауына түскен 29 жастағы ер адам хабарласқан. Өз сөзінде ол ипотека ресімдеуге көмектесемін деген бейтаныс жігіттің жеке деректерін пайдаланып мобильді қосымша арқылы оның атына 3 000 000 теңге несие алғанын жеткізді.

«Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. 25 жастағы Өскемен қаласының тұрғыны өз кінәсін мойындады», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ер адам 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да пробация қызметінен 5 жыл бойы жасырынып жүрген ер адам ұсталғанын хабарлаған едік.

Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT