Өскемен тұрғынын банк бөлімшесінде тонап кеткен екі елордалық ұсталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен тұрғынының банк бөлімшесіндегі банкоматтан шешіп алған 720 мың теңгесін ашықтан-ашық ұрлаған екі елордалық қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, шаһардағы банктерінің біріне келген 55 және 39 жастағы екі ер адам кісі тонамақ болған. Нұр-Сұлтан қаласынан келген олар өз әрекеттерін алдын ала жоспарлап алған.

«Жәбірленушінің банкоматтан шешкен 720 мың теңгесін тартып алған тонаушылар ізін суытпақ болып, Павлодар арқылы Нұр-Сұлтанға жеңіл көлікпен бет алады. Өскемендік криминалдық полиция қызметкерлері елорда және Павлодар қалаларының Полиция департаменттерімен бірлесіп күдіктілерді астанадан қолға түсірді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Белгілі болғандай, екі ер адам тонаудың уақыты мен орнын алдын ала жоспарлап, адам көп шоғырланған жерді әдейі таңдап алған. Күдіктілер ақшаның жартысын жаратып үлгеріпті. Қазіргі уақытта жәбірленушіге қалған сома қайтарылды.

Өз кінәларын толық мойындаған тонаушылар Өскеменде уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оларға қатысты ҚР ҚК-нің 191 бабы 2 бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар