Өскемен тұрғыны сирек кездесетін жаралы құсты құтқарды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемендік Светлана Иванова Қызыл кітапқа енген жаралы құсты құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Yk-news порталына сілтеме жасап. 

Бір ай бұрын Өскемен тұрғыны Светлана Ивановаға біреулер жаралы қыранды әкелді. Олар оны жолдан тауып алған екен. Құсқа жаны ашыған әйел оған күтім жасауға келісім берді. Ол оған Орлик деп ат қойып, ұя жасады.

Светлана құсты ветеринарлық емханаға апарып, тексертті. Құстың қанаты екі жерден сынған екен, сол үшін ол енді ешқашан ұша алмайды.

«Оған біреулер оқ атқан секілді, - дейді орнитолог Борис Щербаков. - Мұндай жағдай жиі кездеседі. Ірі құстарды қызық үшін атады да, азаппен өлсін деп тастап кетеді. Қыранды құтқарудың өзі - үлкен ерлік. Оның жасы әлі бірге де толмаған».

Дегенмен, бұл ерлік қылмыс болып саналады екен. Елімізде жабайы аң-құстарды өкілетті органның келісімінсіз құтқаруға тыйым салынған. Ал егер Орлик Светлананың үйінде жүріп, өліп қалғанда, ол қомақты айыппұл төлейтін еді. Өйткені, ол патшалық қырандар тобына жататын ақиық (тазқара) болып шықты. Әлемде осындай 2000 құс қана қалған көрінеді.

«Ал Қазақстанда бұл құс санаулы ғана, оның өзі қапаста күн кешіп жатыр», - дейді Өскемен тұрғыны.

Светлана Иванова жыртқыш құстарды оңалту орталығының кеңестеріне жүгіне отырып, құсқа күтім жасады. Бірақ оны асырау қымбатқа түсетіндіктен Светлана оны жергілікті хайуанаттар бағына сыйлауға бекінді. Ондағылар Қызыл кітапқа енгізілген құсты қамқорлыққа алудан қорқып, бұл сыйлықтан бас тартты. Тек Алматы зообағы ғана келісті, алайда олар құсты өзі әкеліп беруін өтінген.

Бүгінде Орлик Алматы зообағына жеткізілді.

 

Соңғы жаңалықтар