Өскемен тұрғыны несиелік серіктестік арқылы 30 млн теңгені жымқырған

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемен қаласында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қатысты тағы бір іс сотқа жетті. Қала тұрғыны несиелік серіктестік құру арқылы мемлекеттік бағдарламаның ақшасын қалтаға басқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сотталушы «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы несиелік серіктестіктер арқылы бизнес-жобаларға несие беретінін естіп, жымысқы жоспар құрады. Әуелі жұмыссыз жүрген төрт танысын өзі құрған несиелік серіктестікке кіргізіп, әрқайсысына 3 млн теңге несие алып беруге уәде етеді. Әділет органына «Өскемен Кредит Коnsulting» НС»  ЖШС-ін сәтті тіркеткен соң, «Ертіс» ӘКК арқылы 14,988 млн теңге несие алады. Барлық құжат қолында болғанын пайдаланып, серіктестіктің әрбір мүшесіне мал сатып алу үшін 3 млн теңгеден ақша ұсынғаны туралы жалған келісімшарт толтырған. Осыдан кейін барлық ақшаны қайтадан өз шотына аударып, ««Қазкоммерцбанк» АҚ филиалы арқылы шешіп алған.  Ал «Ертіс» ӘКК-ге несиенің барлығына мал сатып алынғаны туралы жалған құжат өткізеді. Құныққан жігіт онымен қоймай,  тағы 5 адамды өзі құрған серіктестікке алдап кіргізеді де, олардың атына 15 млн теңгенің несиесін рәсімдейді. Бұл ақша да үйреншікті тәсілмен  несиелік серіктестік директорының қалтасына түскен. Осылайша серіктестік басшысы өзгелердің сеніміне кіру арқылы жалпы сомасы 29,988 млн теңгені иемденген.

Оған алаяқтық және өзгенің мүлкін ұрлау баптары бойынша айып тағылып, бес жылға бостандығынан айырылды.

Ал «Ертіс» ӘКК-нің 29,988 млн теңге өндіріп беру туралы өтініші ішінара қанағаттандырылды. Айыпты азамат 390 мың теңгені өз еркімен қайтарғанын ескерген сот оны қалған 29,598 млн теңгені қайтаруға міндеттеп отыр. Сонымен қатар, сот процестерінің шығыны ретінде 417295  теңге төлеуі тиіс. Бұлтартпау шаралары кезінде айыпталушының танысы кепіл ретінде «КАМАЗ 5410» жүк көлігін қойған. Бостандыққа шығысымен ол сот шақыруынан бой тасалап, қайтадан қамауға алыныпты. Осы себепті кепілге қойылған көлік мемлекет меншігінде қалды.

Соңғы жаңалықтар