Өскемен полицейлері өртенген үйден екі мүгедек әйелді құтқарды
2020 жылғы 9 қазан 16:33

Өскемен полицейлері өртенген үйден екі мүгедек әйелді құтқарды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының тәртіп сақшылары отқа оранған үйден екі мүмкіндігі шектеулі әйелді құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 9 қазан күні таңертең «102» каналына жеке секторлардың біріндегі үйдің өртеніп жатқаны туралы хабар түскен. Сол жерге бірден «Қыран-36» патрульдік полиция экипажы аттанған.

«Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері қою қара түтінді байқайды. Үй ішінен әйелдің айқайлаған дауысын естіген ППБ аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Қанат Қасымханов пен ППБ инспекторы, полиция аға лейтенанты Мирхат Гинаятов екіге бөлініп, сол жаққа қарай ұмтылған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Тәртіп сақшыларының бірі терезені сындырып, әйелді сыртқа шығарды. Ол 1-топтағы мүгедек болып шықты.

Жәбірленуші үйде тағы бір апайының бар екенін, ол да мүмкіндігі шектеулі жан екенін айтты. Полиция қызметкерлері еш ойланбастан оны да іздеуге көшкен.

«Үй ішін тұмшалаған түтіннен екінші адамды табу қиынға соқты. Осы уақытта Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері келіп жетіп, әйел адамды құтқарды. Иіс тиген ол ауруханаға жеткізілді» делінген ШҚО ПД мәліметінде.


Jańalyqtar

MURAǴAT