

Өскемен полицейлері контрафакт алкоголь саудасының алдын алды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының полицейлері контрафакті алкоголь өнімдерінің саудасына тосқауыл қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шаралары барысында қаладағы дүкендердің бірінен 31 бөтелке алкогольді ішімдікті тәркіледі.
«Тексеру кезінде өнімдердің Қазақстан Республикасы аумағында акцизделетін тауарларды таңбалау стандарттары мен ережелеріне сәйкес тіркеу-бақылау таңбаларымен сәйкессіздігі байқалды. Бұдан әрі акциздік таңбалар ТБТ ақпаратын оқудың сертификатталған жүйесін пайдалана отырып тексерілді. Нәтижесінде, Қаржы министрлігі ҚГД акциздік таңбалар дерекқорында бұл кодтардың жоқтығы анықталған», - делінген ақпаратта.
Аталған факті бойынша кәсіпкерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 283-бабы 2-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды.
Енді ол алкоголь өнімін өткізуге лицензиядан айырылып, 150 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелуі мүмкін.
Jańalyqtar



















