Өскемен мен Семейден Алакөлге қатынайтын алғашқы пойыз жолға шықты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - «Өскемен-Жалаңашкөл», «Семей-Жалаңашкөл» бағытында теміржол байланысы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алакөлде жазғы туризм маусымының ашылуына байланысты «Жалаңашкөл» стансасына дейін Өскемен мен Семейден жолаушылар тасымалдайтын 5 вагондық пойыз жолға шықты. Билет бағасы - бір орынға 2800 теңге. Алғашқы рейс бүгін сағат 16.36-да жолға шықты.

«Аталмыш рейстер бір жолда 260 адамды Алакөлге жеткізе алады. Қыркүйек айына дейін 4 күн сайын үздіксіз қатынамақ. Ол үшін облыс бюджетінен 140 млн теңге субсидия бөлінді. Семейден шығатын алғашқы пойызға билеттердің 80 пайызы сатылды. Ал Өскеменнен шыққан пойыз әзірге жартылай бос бара жатыр. Дегенмен, болашақта бос орын қалмайды деп отырмыз. Туристер «Жалаңашкөл» стансасынан Алакөлдің өзіне жетуі үшін такси мен маршруттық автобустар жалдайды. Бар болғаны бір-ақ сағаттық жол. Бүгін шыққан пойыздар таңертеңгі сағат 8.30-да жетеді» - деді облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев.

«Өскеменнен Алакөлге пойыз жүретінін естіп, Павлодардан осындағы туыстарыма бүгін келген болатынмын. Бұрын Алакөлге өз көлігімізбен 10 сағаттан астам уақыт жүріп жететін едік. Жолдың нашарлығы сапарды қиындатып жібереді. Ал пойыз балаларды алып жүруге өте қолайлы» - дейді Ұлжан Әлімбаева есімді жолаушы.

Соңғы жаңалықтар