Өскемен халқы өз таңдауын жасап жатыр – фоторепортаж

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Бүгін Қазақстанда республикалық референдум басталды. Халық Конституцияға 56 өзгерістің енгізілуіне қатысты өз таңдауын жасап жатыр. Шығыс Қазақстан облысында 1027 референдум учаскесі бар. Ал кәсіпорындар мен медициналық мекемелерде 68 дауыс беру орны ашылды. Осы ретте, ҚазАқпарат тілшісі Өскемендегі учаскелердің біріне барып, референдумның қалай өтіп жатқанын көріп қайтты.

Заңбұзушылық тіркелген жоқ


Жалпы Өскемен қаласында 120 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның 110-ында байқаушы бар. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жұрт өз учаскелеріне барып, өз таңдауын жасап жатыр.

Оқушылар шығармашылық сарайында орналасқан №40 учаскеге бас сұқтық. Бұл учаскеде Қабанбай батыр, Антон Чехов, Протозанов, Қазақстан, Сағадат Нұрмағамбетов көшелерінде тұратын 2599 адам тіркелген. 9 адам мүше болып отырған учаскелік комиссияның төрайымы – білім ордасының директоры Галина Асташкина.

Оның айтуынша, референдум таңертең Әнұраннан басталған. Таңғы жетіде келгендер саны көп болғанымен, қазір біршама азайып қалды. Себебі далада жаңбыр құйып тұр. Алғаш рет дауыс бергендерге сыйлық беріліп жатыр.

Учаскеде 2 байқаушы бар. Соның бірі – «Amanat» партиясының өкілі Марина Акмурзинова.

«Референдум учаскесі уақытылы ашылды. Келіп дауыс беремін деген азаматтарға тиісті жағдай жасалған. Барлығының заң аясында өтуін қадағалап отырмыз. Ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ», - дейді ол.

ШҚО «Жастардың ақпараттық-талдау агенттігі» қоғамдық бірлестігінің атынан байқаушы болып отырған Татьяна Харина халықтың көңіл-күйі көтеріңкі екенігін байқады. «Таңертең таңғы 6-дан осындамыз. Сайлау бюллетеньдерін комиссия мүшелеріне таратқан соң референдум барысын бақылап отырмыз. Тәртіп бұзған ешкім болмады. Дауыс беріп жатқан азаматтардан патриоттық рух байқалады. Олар еліміздің болашағына бей-жай қарамай, азаматтық позицияларын білдіруде», - дейді Т.Харина.


Өскемендіктер өз таңдауларын жасауда


Референдумға келгендердің бірін әңгімеге тартып көрдік. Шаһар тұрғыны Айбол Әуезханұлы өз таңдауын жасады.

«Қабанбай батыр көшесінде тұрамын. Референдум болатынынан бұрыннан хабардармыз. Қандай өзгерістер енгізілетінін оқып, танысып шықтым. Туған-туыс, дос-жаран арасында дауыс беріп жатқандар көп», - дейді ол.

Ал Валерий Агарков ұзақ жылдар бойы Үлбі металлургиялық зауытында тер төккен. Қазір зейнетте. Ол да бүгін келіп, өз дауысын берді.

«Конституцияға 56 өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарынан нақты қандай жаңашылдықтар болатынын оқыдым. Балаларымның, немерелерімнің болашағы үшін өз таңдауымды жасадым», - дейді В. Агарков.



Соңғы жаңалықтар