Өскемен дүкендеріне азық-түліктің шекті бағасы ұсынылды

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен дүкендеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің шекті бағасы ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемендегі сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермес үшін тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде.

Соның аясында кәсіпкерлерге 19 түрлі тауардың бағасы өндірушінің немесе жеткізушінің сату құнының 15 пайызынан асырылмауы тиістігі түсіндіріліп жатыр.

«Сондай-ақ дүкендерге ұсынылатын баға көрсетілген өнімдер тізімі беріліп жатыр. Мысалы, бір жеткізушіде қанттың келісі 380 теңге, екіншісінде 340 теңге болса, біз орташа баға ретінде 350 теңге деп алдық. Осы бағаға 15 пайыз қосып сатуға болады», - дейді Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығы ШҚО бойынша өкілдігінің директоры Владимир Бердник.

Оның айтуынша, бірінші сұрыпты бидайдың ұсынылған бағасы – 184 теңге, рожки – 325 теңге, қарақұмық жармасы – 590 теңге, күнбағыс майы – 805 теңге, сиыр еті – 2300 теңге, жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5% пастерленген сүт – 345 теңге.

Енді азық-түліктің шекті бағасы жазылған қағаз дүкен сөресі мен кіреберіске қойылады.

Осылайша, тұрғындар бағаның қымбаттығын байқаса бірден 8-705-280-45-13 телефон нөміріне хабарласып, арыздана алады.



Соңғы жаңалықтар