Өскемен автобустарында электронды билеттеу жүйесі сынақтан өткізіледі
2020 жылғы 16 қыркүйек 06:32

Өскемен автобустарында электронды билеттеу жүйесі сынақтан өткізіледі

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында қоғамдық көліктердегі электронды билеттеу жүйесі сынақтан өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шаһар басшысы Жақсылық Омардың айтуынша, егер электронды билеттеу жүйесі енгізілсе, онда тариф те дифференцияланады. Мәселен, жолақы карточка арқылы төленсе – 90 теңгені құрайды, ал қолма-қол ақша түрінде болса – баға сәйкесінше жоғары болады.

«Біз үшін электронды билеттеу жүйесінің нәтижелі іске асуы өте маңызды. Сондай-ақ жаңа билеттеу жүйесі іске қосылған трамвайлар санын көбейту керек», - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов жиын барысында.

Аймақ басшысы күздің үш айында қаланың барлық қоғамдық көліктерінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға қажетті жабдықтардың орнатылуын қадағалауды тапсырды.

«1 қазаннан бастап тиісті жабдықтар орнатылған 65 автобусты сынақтан өткізу қажет. Электронды билеттеу жүйесімен және осы жабдық әлі қойылмаған автобустардан қаражаттың қалай жиналатынын салыстырамыз», - деп түйіндеді облыс әкімі.

Jańalyqtar

MURAǴAT