Өскемен автобустарында электронды билеттеу жүйесі ақпанда іске қосылады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласындағы қоғамдық көліктерде электронды билеттеу жүйесі ақпан айында іске қосылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Өскеменде автобустар мен трамвайларда электронды билеттеу жүйесінің енгізілетіндігі туралы жазған болатынбыз.

Бүгінде шаһардағы қоғамдық көліктерге қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға қажетті жабдықтар орнатылды. Жоспар бойынша жаңа жүйе 2021 жылдың қаңтарында іске қосылуға тиіс еді. Алайда белгілі бір себептермен келесі айға шегеріліп отыр.

«Әуелде электронды билеттеу жүйесін өткен жылдың қазан айында іске қосу жоспарланған. Бірақ содан кейін жұмыс бірнеше кезеңге бөлінді. Өңіріміз коронавирустың таралу қарқыны бойынша «қызыл аймаққа» кіруіне байланысты жүйенің енгізілуі тағы да шегерілді», - деді қала әкімінің кеңесшісі Әлібек Тұрсымбетов.

Оның айтуынша, ақпан айында электронды билеттеу жүйесі іске қосылуы тиіс.


Соңғы жаңалықтар