ОСК Дания Еспаеваны кандидаттық талаптарға сай деп жариялады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне кандидат Дания Еспаеваның ҚР Конституциясы және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкестігін анықтау туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаулы жобасын ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина таныстырды. Оның айтуынша, 2019 жылдың 25 сәуірінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес, «Ақ жол деморкратиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі жоғары органының Дания Мәдиқызы Еспаеваны президенттікке кандидат ретінде ұсынып, оның тиісті құжаттарын ҚР Орталық сайлау комиссиясына өткізді.

Орталық сайлау комиссиясы кандидат Дания Еспаеваның Конституцияда және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруге жәрдемдесуі үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салды және тиісті мәліметтер алды.

2019 жылдың 26 сәуірінде ҚР Орталық сайлау комиссиясында кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау жөнінде лингвистикалық комиссияның отырысы өтті. Лингвистік комиссия үміткердің мемлекеттік тілді еркін меңгергені жөнінде шешім қабылдады.

Сонымен бірге, Орталық сайлау комиссиясы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетінің мәліметтері негізінде Дания Еспаеваның Қазақстанда туғанын, ҚР азаматы екенін, соңғы 15 жылда Қазақстанда тұрғанын анықтады. Оның жоғары білімі бар, сотталмаған, сыбайлас жемқорлық бойынша жауапқа тартылмаған, белсенді сайлау құқығына ие және мемлекеттік қызметте және сайланбалы лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі бар.

ҚР ОСК қабылдаған қаулының 1-тармағында үміткер Дания Мәдиқызы Еспаеваның ҚР Конституциясына және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Заңында қойылған талаптарға сай келетіні айтылған.

Екінші тармақта облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Қазақстан Республикасы астанасының сайлау комиссияларына Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдап қол жинауға арналған қол қою парақтарын Дания Еспаеваға беру тапсырылған.

Соңғы жаңалықтар