ОСК «Ауыл» партиясының партиялық тізімін тіркеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Орталық сайлау комиссиясы «Ауыл» партиясының Мәжіліс депутаттығына кандидаттарының партиялық тізімін тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл» партиясы 25 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынды. Бұл тізімде 10 кандидат: әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Олар кандидаттардың жалпы санының 41 пайызын құрайды. Орталық сайлау комиссиясы өкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді. Партиялық тізімге енгізілген барлық адам Конституцияның және «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді», - деді ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов.

Оның атап өтуінше, партиялық тізімді ұсынған партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін ҚР заңнасында белгіленген ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшерінде ОСК шотына саяси партиялардың қаражатынан сайлау жарнасын енгізеді.

«Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 5 және одан да көп пайыз дауысын алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлемейді. 2021 жылғы қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында «Ауыл» партиясы сайлаушылар дауысының 5,29 пайызын алған. Осыған байланысты «Ауыл» партиясы сайлау жарнасын төлеуден босатылады», - деді ол.

Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясының мүшелері «Ауыл» партиясы қоғамдық бірлестігінен Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттардың ҚР Конституциясында және «Сайлау туралы» Конституциялық заңда оларға қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы, Ауыл партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы хаттамаларға қол қойды.

«Ауыл» партиясы атынан партиялық тізім бойынша түсетін кандидаттармен мына жерде танысуға болады.
Соңғы жаңалықтар