Осакаровта 13 жас кәсіпкерге аудан әкімінің гранты табыс етілді - Қарағанды облысы

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысындағы Осакаров ауданы әкімінің гранттары өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге табыс етілді. Оларды байқаудың 13 жеңімпазы иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл ауданда жастар кәсіпкерлігін қолдауға 8 млн теңге бөлінді. Байқауға 19 өтінім келіп түсті. Комиссия 13 жобаны таңдады. Оларды жүзеге асыруға 300 мыңнан 1 миллион теңгеге дейінгі гранттар берілді.

Жастардың бизнес-бастамаларын іске асырудың арқасында Осакаров ауданында аккумуляторларды жөндеу цехы, кондитерлік, донерлік, компьютерлік клуб, барбершоп, шаштараз, жылыжай, тротуар төсемдерін өндіретін кәсіпорын, құс фермасы және заманауи автожуу пайда болады. Жұмыс істеп тұрған бизнесті дамытуға да ақша бөлінді.

«Мен байқауға екінші жыл қатысып келемін. Өткен жылы шлакоблок шығару цехының бизнес-жоспарын ұсынып, 1 миллион теңге ұтып алдым. Қазір бұл цех табысты жұмыс істеуде. Биыл осы істі дамытуға өтінім беріп, тротуар төсемдерін өндіру жобасын ұсындым. Грант алдым, жаңа цехқа екі адамды жұмысқа орналастыра аламын», - деді жас кәсіпкер Михаил Макаров.

Аудан әкімі Нүркен Көбжановтың айтуынша, келесі жылы жастар кәсіпкерлігін қолдауға арналған қаражатты ұлғайту жоспарлануда.

«Біз әрбір жобаны табысты іске асыруға мүдделіміз. Өйткені, бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауданның кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға ықпал етеді», - деп атап өтті ол.


Соңғы жаңалықтар