Осака қаласы «ЭКСПО-2017» көрмесінің табысты тәжірибесін пайдалануға дайын

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Франциядағы елшісі Жан Ғалиев Жапония Сыртқы істер министрінің парламенттік орынбасары Митсунари Окамото бастаған делегациямен кездесу өткізді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында елші жапон делегациясын үдемелі технологиялық жаңғырту аясындағы Қазақстанның экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерімен және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауының басым бағыттарымен таныстырды.

Елші Қазақстан мен Жапония арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуына елеулі серпін берген Жапонияның Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесіне белсенді қатысқаны үшін және Астанада жасыл технологияларды таныстырғаны үшін алғысын білдірді.

Өз кезегінде, жапон делегациясының басшысы «ЭКСПО-2017» жобасының табысты өткізілгенін атап өтті және Астана өтінімін ілгерілету, халықаралық қатысушыларды тарту, көрменің өзін ұйымдастыру және ЭКСПО нысандарын көрмеден кейін қолдану бойынша Астана тәжірибесін пайдалануға қызығушылық білдірді.

Жапон тарапы «Біздің өміріміз үшін болашақ қоғамды жобалау» атты тақырыбымен «Осака ЭКСПО-2025» көрмесінің таныстырылымын жасады және Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму бойынша барлық дерлік мақсаттарын қамтитын көрменің негізгі параметрлері мен таңдаған тақырыптың артықшылықтары туралы әңгімеледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Жапонияда халықтың барлық қажеттіліктерін қанағаттандыратын, ең ауыр жұмысты техникасы мен роботтар атқаратын адам дамуының келесі бесінші - «5.0 озық технологиялық, ақылды қоғамды құру» деңгейіне көшуді ұсынуда.

Окамото мырза қазақстандық тарапқа Жапониядағы халықаралық көрмені өткізу идеясына қолдау көрсетуге өтініш білдірді.

«ЭКСПО-2025 көрмесін өткізу құқығына үміткер Осакадан басқа Екатеринбург және Баку қалалары бар. ЭКСПО-2025 өткізу құқығына сайлау 2018 жылдың қарашасында Халықаралық көрмелер бюросының Бас Ассамблеясының 164-ші сессиясында өтеді»,-делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

Соңғы жаңалықтар