Орыстілділер көшедегі қазақша сөздердің жанына орысшалап аударудың реті жоқ екенін алға тартуда - Д. Көшім

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орыстілділер көшедегі қазақша жазылған сөздердің жанына орысшалап аударудың реті жоқ екенін алға тартуда. Бұл туралы бүгін Астанада «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» атты мемлекеттік тілді насихаттау шарасының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында саясаттанушы Дос Көшім мәлім етті.

Бұл жоба аясында еліміздің солтүстік өңірлерінде орыстілді азаматтарға мемлекеттік тілді насихаттау шаралары қамтылды. Осы орайда бірқатар аудандарда жергілікті тұрғындардың, белгілі қоғам қайраткерлерінің, тілдерді дамыту басқармалары өкілдерінің қатысуымен пікір алмасулар ұйымдастырылды. Жобаның барлық шараларына белгілі қоғам қайраткері Д. Көшім жетекшілік етті. «Осы талқылаулар кезінде шындығында мен күтпеген тамаша ұсыныстарды естідім. Мәселен, өзге ұлт өкілі пікір алмасулар кезінде «неге ҰБТ тапсырған кезде қазақ тілінен алған балл оқуға түскен кезде есептелмейді?» деген сауал қойды. Оның айтуынша, баласы қазақ тілін жақсы меңгерген және тестілеу кезінде жоғары балл жинаған екен»,-дейді саясаттанушы. Д. Көшімнің сөзіне қарағанда, шара аясындағы жиындар кезінде орыстілді азаматтар көшедегі жазуларды тек қазақ тілінде ғана жазу туралы ұсыныстар жасаған. «Еліміздің солтүстік өңірлерді аралаған кезде орыс ұлтының өкілі «неліктен дүкендерде «нан» деген сөздің жанына орысшалап «хлеб» деген аудармасын жазып қоясыңдар» деген ренішін айтты. Бұл тұрғыда ол көптеген жылдар бойы Қазақстанда тұрғандықтан, бұндай қарапайым сөздерді кез келген өзге ұлт өкілдері білетіндігін алға тартып отыр. Сонымен қатар олар көше атаулары жазылған тақташалар мәселесін көтерді. Мысалы,көшедегі тақташада «Мұхтар Әуезов» атауы жазылып тұрса, оның астында орысшалап жазылған нұсқасы беріледі. Осы орайда орыстілділер «біз осынша ақымақ емеспіз, Мұхтар Әуезовтің кім екенін білеміз» деген уәждерін айтып жатты»,-деді саясаттанушы.

Соңғы жаңалықтар