Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.18 eur/kzt 485.56

    rub/kzt 7.76 cny/kzt 70.34
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Орыс тілі қолданыстан алынып жатқан жоқ, біз тек қазақ тілін міндетті еттік – Дәурен Абаев көрнекі жарнама жайлы

2021 жылғы 22 желтоқсан 12:07

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ашық диалог» сұхбатында ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде жазылуын реттейтін заң жобасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сұхбат барысында жүргізуші Ресейдің кейбір ақпарат құралдарының ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары бастамасымен қолға алынған заң жобасына шүйлігіп жатқанын айтып, Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасарынан осы туралы пікірін сұрады.

«Кейбір ресейлік БАҚ-та аталған заң жобасы біржақты берілгенін айту керек. Мен тіпті манипулятивті дер едім. Мысалы, кейбір басылымдардың тақырыбында «Қазақстан орыс тілінің көрнекі қолданысынан арылып жатыр» деп айтылған. Мағынасына қарасаң, біз орыс тілін көрнекі жарнамада қолдануға тыйым салатын заң қабылдап жатқан сияқтымыз. Ең реніштісі, адамдардың көбі осы қате тақырыптан әрі қарай кіріп оқымай, осы қате тақырып бойынша ой түйеді. Іс жүзінде орыс тілін ешкім қолданыстан алып жатқан жоқ. Біз тек қазақ тілінің қолданысын міндетті етіп жатырмыз. Көрнекі ақпарат екі немесе үш тілде ілінсе де ешқандай проблема жоқ», - деді Дәурен Абаев.

Сұхбат беруші депутаттардың мұндай бастаманы неліктен көтергенін де түсіндірді.

«Біздің депутаттар неге бұл мәселеге бас қатырғанын білесіз бе? Өйткені көрнекі жарнамада, тіпті мейрамханалардың мәзірінде қазақ тілі не мүлде қолданылмайды, не қате қолданылып жүр. Қате өріп жүреді. Интернет атаулар мен тіркестерді қазақшаға тікелей, калькамен аударған мәнсіз мәтіндер туралы «мемдерге» толып кетті. Сондықтан заң жобасында дәлме-дәл аударма және дұрыс жазу нормасы туралы талап енгізу қарастырылған», - деді Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, аталған Заң жобасының тағы бір қыры бар.

«Бұл – елді мекендердің атын тарихи негізге сүйеніп дұрыс жазу. Мысалы, «Үлгі ауылы» дегенді орыс тіліне аударып, «село Примерное» деп аударуға келмейді. Одан да сорақы етіп «Ульга» деп жазуға мүлде болмайды. «Үлгі» деген түпнегіз сақталуы керек. Ал «Новоалексеевка» деген елді мекеннің аты қазақ тілінде де «Новоалексеевка» болып жазылады, «Жаңа Алексеевка» ауылы емес. Бұл топономика мен тілдік норманы тәртіпке келтіру ғана. Қазір орыс тілінің көрнекі қолданысында ешқандай проблема жоқ. Ал қазақ тілінде, өкінішке қарай, ондай проблема бар. Біз оны түзетуіміз керек. Мұны біз мемлекеттік тілдің қолданысын неғұрлым сапалы бақылау арқылы іске асырамыз. Сондықтан орыссыздандыру туралы әңгіме жоқ. Біз тек мемлекеттік тілдің дұрыс, сапалы қолданысы үшін, халықтың оған құрметпен қарауы үшін күресіп жатырмыз», - деді Дәурен Абаев.


Автор:

Есімжан Нақтыбай

Новости по теме
Серіктестер жаңалықтары