Орынбасарының жемқорлығы үшін Екібастұздың әкімі отставкаға кетті

Фото: None
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Екібастұз қаласы әкімінің отставкасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес Екібастұз қаласының әкімі бағынышты қызметкерінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін отставкаға өтініш берді.

Павлодар облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ол 8 тамыздан бастап атқарып отырған лауазымынан босатылған.

Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев отставка туралы өтінішін өзінің тікелей бағынысындағы қызметкер - қала әкімінің орынбасары Бауыржан Ахметовке қатысты сот үкімі күшіне енген соң берді.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов отставканы қабылдап, Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаевты лауазымынан босатты.

Ардақ Қаңтарбаев Екібастұз қаласы әкімінің лауазымында 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істеген еді.

Еске сала кетейік, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары пара алғаны үшін сотталған.

Маусым айында Екібастұз қалалық соты Екібастұз әкімінің орынбасары Бауыржан Ахметовке және оның қарамағындағы ТКШ бөлімі басшысының орынбасары А.Садықов пен сол бөлімнің бас маманы К.Түсіпбековке қатысты үкім шығарды.


Соңғы жаңалықтар