Орын алған бұзушылықтар сайлау процесіне кері әсер еткен жоқ - Нұрлан Өтешов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сайлау күні бұзушылықтардың көбі әлеуметтік желілерде жалған ақпараттардың таралуына қатысты болды. Бұл туралы Сайлауды Бейпартиялық байқау орталығында өткен брифингте ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше өткен сайлауға ҚР Кәсіподақтар федерациясы тарапынан да 7 мыңнан астам байқаушы қатысты. Осы бейпартиялық байқау орталығындағы байқаушылардың жұмысына үлес қосып, сараптамалық жұмысты бастап кеттік. Біз де өзіміздің есебімізді дайындаймыз. Біз ҚР Кәсіподақтар федерациясы тарапынан шыққан байқаушыларға, сайлау процесіне үлес қосқан азаматтарға шынайы алғысымызды білдіргіміз келеді. Біздің ойымызша, сайлау заң шеңберінде өтті. Кеше сайлау кезінде азаматтарымыз құқықтық мәдениті жоғары екенін көрсетті. Сайлау комиссиясы да, байқаушылар да, сайлаушылар да өз жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарады», - дейді Нұрлан Өтешов.

Ол кеше өткен сайлауға қатысты әлеуметтік желілерде қандай жалған ақпараттар таратылғаны туралы айтты.

«Бұзушылықтардың көбі әлеуметтік желілерде жалған ақпараттардың таралуына қатысты болды. Кеше әлеуметтік желілерде жүздеген жалған ақпарат тарады. Олардың қайдан, қалай, не үшін шыққаны туралы талдау жасап жатырмыз. Жалған ақпараттар азаматтардың өздерінің құқықтарын білмегеннен жасалып жатқан болуы мүмін. Мысалы, бұрын болған немесе біздің елде болмаған әртүрлі оқиғаларды кеше ғана және біздің елде болып жатқандай етіп шығарған. Сонымен қатар, буллинг те орын алды. Яғни, сайлау учаскесіндегі кейбір байқаушыға кедергі жасап, орынсыз сұрақ қойып, бейнежазбаға түсіріп, олардың рұқсатынсыз әлеуметтік желіге салған жағдайлар кездесті. Бұл солай әрекет жасаған азаматтардың құқықтық мәдениеті төмен екенін дәлелдейді. Біздің тарапымыздан бұзушылықтар аса қатты байқалған жоқ. Бұзушылықтардың 99%-ы сайлау процесіне кері әсерін тигізбейтін, тез арада шешімін табуға болатын қателіктер болды. Мысалы, бір отбасы дауыс беретін кабинкаға бірге кіріп кеткен. Бұл да бұзушылыққа жатады, бірақ ол дауыс беру нәтижесіне айтарлықтай әсер етпейді», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар