Өрттен зардап шеккендерге азық-түлік емес, құрылыс материалдары мен тұрмыстық техника қажет - тұрғын
«Бүгінгі таңда 500 тоннадан астам өнім әкелінді. Олар - ұн, күнбағыс майы, макарон, су, консервілер, жеке гигиена құралдары, жылы киім сияқты заттар. Қостанайға гуманитарлық көмек тиелген 302 көлік келді. Ол зардап шеккендердің қажеттіліктерін толық жабуға жеткілікті», - деп атап өтті Әулиекөл ауданы мәслихатының хатшысы Дәулет Қойшыбай.
Ол облыс халқының атынан қиын сәтте қол ұшын созған барша қазақстандықтарға алғысын жеткізді.
«Біз гуманитарлық көмекті азық-түлік күйінде жіберуді тоқтата тұруды сұраймыз. Қазір өрттен зардап шеккендерге арнап салынатын жаңа үйлердің құрылысын бастаймыз. Енді құрылыс материалдары мен тұрмыстық техникаға үлкен қажеттілік туып отыр», - деді Дәулет Қойшыбай.
Бұл ретте Павлодар облысының тұрғындары жедел әрекет етіп, азық-түлік орнына Қостанайға құрылыс материалдары бар екі жүк көлігін жіберген.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысынан 50, ал Алматы облысы 105 тоннадан астам азық-түлік жіберілген болатын.
Сонымен қатар, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өрттен зардап шеккен Қостанай облысының тұрғындарына резервтен қаражат бөлінетінін мәлімдеген еді.