Өрттен зардап шеккен қостанайлықтарға көмек көрсету үшін арнайы шот ашылды

Фото: None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайда өрттен зардап шеккен отбасылар саны бүгін 15-ке жетті. Жергілікті тұрғындар мен мекемелер оларға көмек қолын созуға ниетті. Осы мақсатта арнайы шот ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаевтың айтуынша, шаһар тұрғындары мен жергілікті мекемелер көмектерін ұсынып жатыр. Осыған байланысты «Сүйікті Қостанай» қоғамдық қоры арнайы шот ашып, оның реквизиттері БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланды.

«Өрттен бүлінген мүліктің құнын анықтау бойынша құрамына тәуелсіз сарапшылар тартылған жедел комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссияның қорытындысы негізінде шығынды өтеу сомасы нақтыланады. Қала әкімдігінің тиісті бөлімдері жылжымайтын мүліктің құқықтық негізде растаушы құжаттарын қалпына келтіруге кірісті. Қазір бұл қызмет 6 отбасына қажет. Мәселені жедел шешу үшін ТЖ басқармасы барлық қажетті анықтамаларды ұсынып отыр», - деді әкім.

Бұған дейін Қостанайда 13 отбасы өрттен зардап шеккені хабарланған. Бұл жайт қала көлеміндегі төтенше жағдай болып есептеледі. Алғашқы көмек ретінде әр отбасына 200 мың теңгеден берілді. Сондай-ақ, қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен зардап шеккен отбасылардың әрқайсысына 70 АЕК көлемінде бір реттік жәрдемақы бөлінеді.


Соңғы жаңалықтар