Өрттен зардап шеккен қостанайлықтардың балаларына арналған балабақшаның құрылысы басталды

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Биыл Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы өрттен зардап шеккендерге арнап салынған баспаналардың маңынан бой көтеретін балабақшаның құрылысы басталды.

Бұл туралы өңір әкімі Архимед Мұхамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әулиекөл селосына қарасты «Бірлік» шағын ауданындағы балабақша құрылысын бастауға рұқсат бердім. Жоба бойынша білім ошағының жалпы ауданы 4 мың шаршы метрден асады. Нысан 280 орынға шақталған. Жоба «Халық» қайырымдылық қоры есебінен 1,3 млрд теңгеге жүзеге асырылуда. Балабақша сабақтар мен ойындарды өткізуге мүмкіндік беретін заманауи жиһаздармен және құрылғылармен жабдықталады. Сондай-ақ, балабақшада музыка және спорт залы, әдістемелік және медициналық кабинеттер болады. Ғимаратта барлық жағдай қарастырылады. Нысанды 2023 жылы күзде пайдалануға беру жоспарланған», - деп жазды өңір әкімі өзінің Іnstagram парақшасында.

Облыс басшысының мәліметінше, Аманқарағай ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылған. Оны биыл өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында еліміздегі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірі өз қаражатына салған. Фельдшерлік-акушерлік пункт бір ауысымда 50 адамды қабылдауға қауқарлы. Ол 2 ай ішінде салынған.

Еске салайық, биыл қыркүйекте Қостанай облысына қарасты Әулиекөл ауданында алапат өрт болып, 2 091 адам эвакуацияланып, 12 тұрғын түрлі жарақат алған еді. Мұнымен қоса, тілсіз жау салдарынан 1935 жылы туған бір адам көз жұмды.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың мәліметінше, Әулиекөл ауданындағы орманның басым бөлігі күлге айналған.

Баспаналары жанып кеткен тұрғындарға арнап 91 үй салынып, олар таяуда пайдалануға берілді.


Соңғы жаңалықтар